Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: «Көркейе бер, туған жер» акциясы басталды

Акция барысында әлеуметтік мәселелерді шешу, өңірімізді көркейту мақсатында үлкен істер жоспарланып отыр

Кеше облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің  «Облыстың 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері туралы» есебі тыңдалды.

Жиынға, облыстық мәслихат депутаттарымен қатар, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек БӘЙІМБЕТОВ, Ақтөбе қаласы және барлық аудандардан атқарушы билік өкілдері, аудандық мәслихаттар депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, соғыс және еңбек ардагерлері, жастар ұйымдарының мүшелері, діни бірлестіктер өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.

 

Мерейтойлы жыл қорытындылары

Өткен жылы Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.

Осы орайда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөзін:

— Қазақстан Парламентінде қабылданған мемлекеттік Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясында еліміздің Қазақстан Республикасы Бірінші  Президентінің басшылығымен 20 жылда қол жеткізген басты жетістіктері аталып өтілді және күллі әлем жұртшылығы «Қазақстандық жол» ретінде мойындаған Мемлекет Басшысының сындарлы саясатына тарихи баға берілді, — деп бастады.

Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарындағы міндеттердің орындалуы тұрғысынан алғанда, өткен жыл біздің облысымыз үшін де абыройлы жыл болды. Облыста экономикалық өсімнің оң қарқыны сақталды. Облыс әкімі баяндамасында келтірілген дерекке сай,  өнеркәсіп өндірісінің көлемі, 2010 жылға қарағанда,    8,5 пайызға өсіп, 1 трлн. 239 млрд. теңгеге жетті. Негізгі экономикалық көрсеткіш — Өңірлік жалпы  өнім  — 1 трлн. 300 млрд. теңгенің деңгейіне жетіп, жан басына шаққандағы көлемі 11  мың АҚШ долларынан астам болып отыр. Негізгі капиталға 385,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екі жыл ішінде облыста 51 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 184,0 млрд. теңгені құрайды. 7600 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Сыртқы сауда  айналымы 10,4 млрд. доллар болды.

Ауыл шаруашылығы саласында 111,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл сала еңбеккерлері 453,3 мың тонна астық, 87,6 мың тонна көкөніс, картоп және т.б.  өнім алып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлеріне деген облыс қажеттілігін қамтамасыз етті. Мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 6,9 млрд. теңге қаржы жұмсалды. «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде көрсетілген қолдау арқылы 2570 бас ірі қара сатып алынды.

Азық-түлік бағасын қымбаттатпау мақсатында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде тауарлар нарықтық бағадан 15-30 пайызға арзан сатылды.

Шағын және орта бизнесте белсенді кәсіпкерлер қатары 28 пайызға өсті.

«Бизнестің жол картасы — 2020» Бағдарламасын іске асыруға  1293,7 млн. теңге бөлінсе, ал банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға  18,6 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ 3,6 мың адамды қамтитын  22 кәсіпорын ашуға жағдай жасалды.

 

Газ, су жеткізілген ауылдар…

Өткен жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 29 елді мекенде су жүйелерін жүргізу және реконструкциялау жұмыстары жасалды. Бұл жұмыстар үшін 3,4 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде  22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен  қамтылды.

Ал газдандыру жұмыстарына келсек, 6 жоба жүзеге асырылыпты. Олардың жалпы құны — 6,5 млрд. теңге.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған бағдарлама аясында да су құбырларын, кәріз және жылыту жүйелерін қайта жаңғырту мақсатындағы 6 жоба жүзеге асырылды.

Көп қабатты  тұрғын үйлерді  жедел және қайтарымды негізде терможаңғырту жобаларын іске асыру жұмыстары жүріп жатыр.  Бүгінгі күні бірінші механизм бойынша — 8, екінші механизм бойынша 46 көп қабатты тұрғын үй жөнделді.

Өткен жылы облысымызда 410,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Баспанамен қамтамасыз етілген отбасылар саны — 3042.  Тұрғын үй құрылысына 23,6 млрд.  теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Жергілікті бюджет есебінен Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған 40 пәтерлік үй, Ақтөбенің  «Болашақ» ауданында 72 пәтерлік коммуналдық үй салынды. ҚР Қорғаныс министрлігінің 140 пәтерлік үйі салынды.

Тұрғын үй құрылысын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге, 8,6 млрд. теңге бөлініп, 107,2 шақырым электр желілері, жалпы ұзындығы 53,9 шақырым болатын су құбырлары және жалпы ұзындығы 154,3 шақырым болатын газбен қамту құбырлары пайдалануға берілді.

Өткен жылы облысымызда, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасы аясында, 215 шақырымдық «Қарабұтақ — Ырғыз» автомобиль жолы  бөлігі пайдалануға беріліп, «Орал — Ақтөбе» жолының  55 шақырымдық бөлігі жаңартылды.

Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын дамытуға — 14,7 млрд. теңге; сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарға  3,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.

2011 жылы білім беру саласына 40,8 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Баяндамада көрсетілгендей, бұл облыс бюджетінің 32,7 пайызын құрайды.

Үш ауысымдық мектептерді азайту, апаттық жағдайдағы және бейімделген мектептерді алмастыру мақсатында   27 нысан құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жалпы көлемі 807,1 млн. теңге қаражат жұмсалып,  71 нысан жөндеуден өтті.

«Балапан» бағдарламасы аясында 31 балабақша  ашылып, мектепке дейінгі балалардың  61,2 пайызы қамтылды.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға — 25,4 млрд. теңге,  соның ішінде мемлекет кепілдік берген ақысыз медициналық көмек үшін 19 млрд. теңге жұмсалған. 16 медициналық пункт пен амбулатория салынып, 18 денсаулық сақтау нысаны жөнделген.

Облыс басшысы келтірген деректерге сай, өткен жылы Ақтөбе өңірінде өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Облысымыз бойынша өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда  — 7,5; ал республика бойынша бұл көрсеткіш — 8,4. Соның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім саны 25 пайызға азайып отыр. Ана өлімі көрсеткіші — 50,4 пайызға, сәби өлімі  көрсеткіші 32,5 пайызға төмендеген.

Өңірдің экономикалық қуатының артуы, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуы нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Өткен жылы облысымызда 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

«Жұмыспен қамту — 2020»  бағдарламасы шеңберінде, еңбекақыны ішінара субсидиялай отырып, 12 мың әлеуметтік жұмыс орны ашылды,   1913 адам оқуға  жіберілді, олардың 70 пайыздан астамы — ауыл тұрғындары.

Ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несиелер беруге 120 млн. теңге бөлінді.

Есептік баяндамада, сонымен қатар, жастар мәселесін шешу бағытында, мәдениет, спорт, туризм салаларында атқарылған істер жөнінде айтылды.

Сондай-ақ облысымызда көптеген қылмыс түрлерінің азайғаны атап өтілді.

— Алайда Ақтөбе, Хромтау қалаларымен қатар, Мұғалжар, Алға, Мәртөк, Шалқар аудандары қылмыстық әрекеттер біршама таралған аудандар болып қалып отыр, — деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс басшысы өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын атап өтті.

Бүгінгі күні Ақтөбе жерінде 90-ға жуық ұлт өкілдері тұрады. Облысымызда 18 этномәдени бірлестік тіркелген.

1 наурызда жалақы өсті!

2012 жылға жоспарланған нақты міндеттер жөнінде айтпас бұрын облыс әкімі басты мақсат — халықтың тұрмысын көтеру, өндірістің, басқа да салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылатынын атап көрсетті.

— Облыс тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді — басты міндеттердің бірі деп санаймыз. Бұл үшін ел Үкіметі мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын нақтылаған  жұмыспен қамту Бағдарламасын әзірледі. Бірінші пилоттық жыл өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз және аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтудың белсенді  бағдарламаларына   қатыстыру бағытындағы жұмыстардың  тиімділігін көрсетті. 5 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдауға ие болды, — деді облыс әкімі.

2012 жылы аталған бағдарлама бойынша 1700 әлеуметтік жұмыс орнын құру және 1 мыңнан астам адамды жастар тәжірибесіне жіберу көзделіп отыр. Сонымен бірге, 1400 адам кәсіптік даярлықтан өтеді, 120 адам кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алады. Аталған мақсаттарға бюджеттен 1,5 млрд. теңге  қаражат қарастырылған. Бұл әлеуметтік жұмыс орындары санын — 2,2 есеге, шағын несие алушылар санын 2 есеге  өсіруге және Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде облыстың әлеуметтік нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

— Әлемдік экономикалық дағдарыстың жаңа  толқыны туралы болжамдар енді шындыққа  айнала бастады. Сондықтан қазір кәсіпорын жетекшілері, әсіресе ірі жүйе құраушы және кен игеруші компаниялар басшылары, жұмыс орындарын сақтап қалу; кепілді жұмыс көлемі мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету; жаппай жұмыстан шығаруға, сондай-ақ әлеуметтік мәселелердің туындауына жол бермеу бағытындағы нақты істер кестесін жасауы тиіс, — деп атап өтті  облыс әкімі.

Осы бағытта облыс әкімдігі жанындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі Комиссия ірі кәсіпорындармен және компаниялармен келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Шығыс мұнай» ЖШС, «М-техсервис» ЖШС, «Ұлы қабырға», КНИСГ және басқа компаниялар жұмысшыларының жалақысы 1 наурыздан бастап өсіп отыр. Жақын уақытта «ҚазхромТҰК» АҚ жұмысшыларының да жалақысы өседі деп күтілуде.

— Кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мәселесін біз ерекше назарда ұстап отырмыз, — деді Архимед Бегежанұлы.

Облысымызда әлеуметтік жанжалдардың алдын алу жөніндегі штаб жұмыс істеп тұр. Сол жұмыстар нәтижесінде, жалақы бойынша бережақтарды едәуір азайтуға қол жетті. Жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамаларының сақталуына мемлекеттік бақылау жасауды іске асыру барысында 2500 құқық бұзушылық фактілері анықталып, осы жағдайлар бойынша «Ақтөбе Құрылыс Индустрия» АҚ, «АСБИ ЛТД» ЖШС, «Базальт-А» ЖШС, «Лад» ЖШС, т.б. компаниялар жетекшілеріне құқықтық ықпал ету шаралары қолданылды.

Облыс әкімі ірі компаниялардың, шағын және орта бизнес, т.б. салалар басшыларына еңбек қатынастары мәселесіне ерекше жауапкершілікпен, барынша мұқият қарауды тапсырды.

 

Білім және денсаулық

Елбасының биылғы Жолдауында адам капиталы мәселесіне айрықша екпін түсірілді. Осы орайда облыс әкімі білім беру мен денсаулық сақтау салаларына ерекше назар аударылатынын жеткізді.

— Білім беру саласында оқу процестеріне жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу, педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру қажет.  Білім сапасын арттыруға педагогтердің біліктілігін көтеретін біріктірілген Орталықтардың ашылуы мен біліктілікті растаудың тәуелсіз жүйесін енгізу де  ықпал етуі тиіс. Өкінішке орай, біздің облыс соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жоғарғы нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. Әсіресе, Әйтеке би, Қобда, Мәртөк және Ойыл аудандары түлектерінің   көрсеткіштері төмен, — деді облыс әкімі.

Ел көлемінде денсаулық сақтау нысандары құрылысы қарқынды жүріп жатқанын жұртшылық күнделікті көріп отыр. Біздің облысымызда биыл  300 орындық облыстық аурухана мен 12 шағын аудандағы қалалық емхананың,  Қарғалы селосындағы 80 орындық перзентхананың, сондай-ақ ауылдарда 14 нысан құрылысы аяқталады.

Ал медицина қызметкерлері аурудың алдын алу және оны ерте анықтау мәселесін басты назарда ұстауы тиіс.

 

ҮИИДБ — әртараптандыру негізі

Облыс әкімі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының — экономиканы әртараптандыру негізі болып қала беретінін атап өтті. Индустрияландыру картасына біздің өңірден 63 жоба енгізілген. Бұл жобалар 9,3 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

ҮИИДБ жүзеге асырыла бастағалы екі жыл ішінде, жоғарыда аталғандай, облысымызда 51 жоба іске қосылды.

Индустияландыру картасына өңірімізден тағы да 48 жоба енгізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жетістіктер дәлелі бола алатын көптеген көрсеткіштерді атай келіп:

— Әйткенмен, инвестициялар мен өнеркәсіптік өндіріс құрылымында әзірге оң өзгерістер жоқ. 2011 жылдың қорытындылары бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны тау-кен өнеркәсібі қарқынынан 4,8 пунктке төмен,  — деді.

Облыс басшысы алдағы уақытта металлургия, машина құрастыру, құрылыс индустриясы, химия, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларына айрықша мән беру керек деп санайды.

Жақын уақытта өндірістің жаңа технологияларын енгізуге мүмкіндік беретін: қуаты 440 мың тонналық жоғары көміртекті феррохром өндіретін жаңа ферроқорытпа  зауытының (№4 цех) құрылысын тиянақтау және келешекте Хромтау ауданында тағы да бір зауыттың құрылысын салу; әйнек зауытының құрылысы; түйіршікті шойын өндіретін, қуаты 500,0 мың тонна болатын металлургиялық зауыт құрылысы, сондай-ақ бұрынғы «Ақтөбеауылмаш»  зауыты базасында жылжымалы теміржол құрамына сервистік қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі Орталық құру сынды жобалар ерекше назарда ұсталады.

— Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар нысан — үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысын ерекше атап өткім келеді. Тауарлық газ біздің облыс қана емес, Қазақстанның оңтүстік аймағы қажеттіліктерін де қамтамасыз етеді, — деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс басшысы құжатта бар, бірақ іс жүзінде жоқ, яғни қағаз жүзінде кен орындарына иелік етіп, алайда оларды игеру мерзімін кейінге шегерумен келе жатқан «инвесторлармен» жұмыс мәселесін баса айтты. Бұл тізімде Қарғалы ауданындағы никель-кобальтті кен орындарына ие «Қойтас ТКК» ЖШС, «Диана Әлия» ЖШС, «Азия Инвест» ЖШС, сондай-ақ, «НПП Марганец» ЖШС аталды. Ал «Ақтөбе-Темір» ЖШС Қарғалы ауданында тау-кен байыту кешенінің құрылысын өткен жылы бастау керек болатын, алайда бұл істі кейінге қалдырып отыр.

— Біздің тарапымыздан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жер қойнауын пайдалану бойынша 5 кәсіпорынмен келісімшартты бұзу жөнінде ұсыныс жасалды, сонымен қатар 4 кәсіпорынның қолданыстағы келісімшартына олардың аймақтың әлеуметтік дамуына қатысуы көзделген  өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс түсірілді, — деді облыс әкімі.

Баяндамада, сондай-ақ, Еркін экономикалық аймақ құру  Тұжырымдамасын  жасау жұмыстарын жалғастыру мәселесіне, «Ақтөбе» ӘКК жұмысына, «Өнімділік — 2020» бағдарламасына қатысу белсенділігін арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты сөз қозғалды.

Экономиканың шикізаттық емес секторына тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі Ұлттық жоспар бекітілді.  Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық тартымдылығы тәуір, соған орай, шетелдік әріптестермен байланыс орнату қажет. Жуырда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған делегация жұмыс сапарымен Әзірбайжанда болып, инновация саласында өзара ынтымақтастыққа қол жеткізді – Ақтөбе Технопаркі мен Сумгаит Технопаркі арасындағы Келісімге қол қойылды.  Сонымен қатар, Әзірбайжан және Ақтөбе облысының Сауда-өнеркәсіп палаталары келешектегі  қызмет бағыттарын айқындады.

 

Ауылда атқарылар шаруа көп

Алдағы уақытта Шалқар, Байғанин, Ойыл және Ырғыз аудандарында жайылымдық мал шаруашылығы, соның ішінде қой шаруашылығы дамытылатын болады. Сондықтан облыс әкімі аталған аудандар әкімдеріне жайылымдық  жерлерді беру және суды пайдалану мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Ақтөбе қаласы мен Алға, Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандарында ірі сүт-тауарлы фермалар дамытылады.

Алға ауданы ішкі және сыртқы рыноктарға  негізгі ет жеткізуші болады.  Ағымдағы жылы 3000 бас ірі қараға және  «АкТЕП» ЖШС базасында   1500 мал басына арналған бордақылау алаңдарының  құрылысы аяқталады. Сондай-ақ «Аққұс» құс фабрикасының жобалық қуатын арттыру жоспарланып отыр.

Аудандар әкімдері мен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге ет және сүт өндірісі көлемін ұлғайту тапсырылды.

Өсімдік шаруашылығы да әртараптандырылатын болады. Бидай алқаптарының үлес салмағы азайтылып, жемшөп дақылдары алқаптары ұлғайтылады.

Облыс әкімі, сондай-ақ:

— Ауыл шаруашылығы өндірісінің ғылыми негізге сүйенетін кезі келді, — деп атап өтті және осы бағыттағы міндеттерге тоқталды.

Сонымен бірге, «азық-түлік белдеуін» құру мақсатында Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Қарғалы аудандарында картоп, көкөніс өсіру ісін ұлғайту көзделіп отыр.

 

Үш жылды қамтитын акция

Алдағы жылы тағы алты елді мекенде газдандыру жұмыстары аяқталады: Мәртөк ауданының Нагорное және Қаратоғай, Хромтау ауданының Никельтау және Абай, Мұғалжар ауданының Жем қаласы және Ақтөбе қаласының Белогорка ауылдық округі. Және сондай-ақ  Қобда ауданы орталығында АГРС құрылысы аяқталады.

Республикалық бюджет есебінен Қарабұтақ селосына (Әйтеке би ауданы), Ырғыз ауданы орталығына, Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылына, Хромтау ауданының Табантал ауылына, Қарғалы ауданының Степное ауылына газ апару жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар 2-3 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.

2012 жылы Әйтеке би ауданының «Әйке-Тереңсай» және Комсомол  ауылдарында, сонымен қатар облыстың 8 елді мекенінде (Алға ауданының Самбай ауылы, Мәртөк ауданының Жайсаң және Родниковка ауылы, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылы, Ойыл ауданының Көптоғай және Қаратал ауылдары, Қобда ауданының Ақраб және Жиренқопа ауылдары, Хромтау ауданының Құдықсай ауылы) магистральді су желілерінің құрылыстары мен қайта жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр.

Алға қаласының екінші су тарату магистралінің, Ойыл ауданының Қараой ауылында, Темір ауданының Шұбарқұдық, Сарыкөл және Шұбарши ауылдарында, Ақтөбе қаласының Сазды ауылында сумен қамту нысандарының құрылысын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылады.

2012 жылы «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» Бағдарламасы аясында Қандыағаш қаласында кәріздік желілер түгелдей жаңартылады. Бұл үшін 500 млн. теңге жұмсалады. Сонымен қатар, облыс орталығы және шағын қалаларда барлығы 100 көп пәтерлі тұрғын үйге терможаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Баяндамада айтылғандай, жақын жылдары Ақтөбе қаласы мен облыс аумағындағы шағын қалаларды дамыту мәселесіне ерекше ден қойылады. Мысалы, Ақтөбе қаласында биылдың өзінде 5 мектеп салынатын болады. Сондай-ақ дарынды балалар үшін «Назарбаев Интелектуалдық мектебінің» есігі ашылмақ.

Айта кетелік, бүгінгі күні облыс халқының 75 пайызы қалаларда тұрып жатыр.

— Атқарылар шаруа көп. Бюджеттің мүмкіндіктерін барынша пайдаланған күннің өзінде де, барлық проблемаларды аз уақытта шешу мүмкін емес.  Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар үлкен көмегін тигізе алады, — деді облыс әкімі.

Айталық, Хромтау ауданында жер қойнауын пайдаланушы компаниялар —«Қазхром» ТҰК, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Восход-Ориел» ЖШС — 2012-2013 жылдарда Көктөбе ауылын газдандыру,  Хромтау және Ақтөбе қалаларын абаттандыру, көпір салу сынды істерге 2 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсамақ.

Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 2012 жылы мамандар даярлауға  1,8 млрд. теңге қаржы, басқа да әлеуметтік мақсаттарға  400 млн. теңге қаржы жұмсап, әлеуметтік төмен бағамен 1 млрд. текше метр газ бөледі, Ақтөбе қаласында, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарында жұмыссыздар үшін қосымша жұмыс және әлеуметтік орындар ашады. Сондай-ақ, «Юбилейное» ЖШС, «ҚазақОйл» ЖШС, т.б. осындай шаруалар жоспарлап отыр.

Осы істер «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында атқарылатын болады.

— Мен бүгін алдағы үш жылға жоспарланған «Көркейе бер, туған жер» акциясының басталғаны жөнінде ресми түрде мәлімдеймін, — деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Жоғарыда аталған компаниялармен акция аясында Меморандумға қол қойылған. Жақын уақытта тағы да 36 жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен осындай Келісімдер мен Меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Облыс басшысы туған жер тағдырына бейжай қарамайтын барлық басшыларды осы акцияға атсалысуға шақырды.

Бұл акцияға Ақтөбеде туып-өсіп, бүгінде облыс аумағынан тысқары жүрген азаматтар да шақырылады.

Баяндамада, сондай-ақ, діни ахуал төңірегінде сөз қозғалды.

Архимед Бегежанұлы:

— Біз өткен жылғы оқиғаларды  талдап, жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылдадық. Дін басшыларын, белгілі ғалым-теологтарды тарта отырып, тұрғындар арасында дәстүрлі исламның негіздері жөнінде насихат жұмыстары жүргізілді.  Мешіттерге 15 жаңа имам тағайындалып, имамдардың жалақысына демеушілер арқылы қаржы бөлінді. Оларды баспана және көлікпен қамтамасыз еттік. Мешіттердің коммуналдық қызметіне ақы төлеу мәселесі шешілді, — деді.

Сөзінің соңында облыс басшысы:

— Елбасының көреген саясаты нәтижесінде бүгінде Қазақстанды күллі әлем халқы таныды. Бабалар мұрасы — Атамекенімізді барша жұрт қызыға қарайтын елге  айналдыра білдік. Алып Отанымыздың бір бөлшегі қасиетті Ақтөбе өңірін түлету — Сіз бен біздің қасиетті борышымыз. Мына акция — соның бір бөлігі. Ендеше,  оған бәріміз бір адамдай атсалысайық. Елбасы айтқандай, біріксек, біз еңсермейтін қиындық жоқ. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында нақты 10 басымдықты айқындап берді. Жолдауда айқындалған міндеттердің жүзеге асуы арқылы өмірімізге үлкен өзгерістер еніп, халқымыздың тұрмысы жаңа деңгейге көтеріледі. Еліміз әлемдегі қуатты мемлекеттер қатарына қосылатынына сенімдімін, — деді.

Кеңқияқта екі мектеп салынып жатыр

Баяндамадан кейін бірінші болып Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Роза Сатанова сөз алды.

Ол өз сөзінде:

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз үлкен қиындықтардан өтті. Елбасымыз биылғы Жолдауында елімізді одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындап берді. Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау бағытындағы жұмыстар Ақтөбе өңірінде белсенді жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі есебінде баяндалған істер — соның дәлелі.  Темір — облысымыздағы жетекші аудандардың бірі. Соңғы жылдары ауданымызда оң өзгерістер көп. Демографиялық ахуал жақсарды. Өткен жылы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кеңқияқ өңірінде жұмыс сапарымен болып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Қысқа мерзімде өзекті мәселелерді шешуге облыс басшылығы тарапынан тікелей қолдау көрсетіліп отыр. Өткен жылы Кеңқияқ өңірінде 2 медициналық пункт, 2 клуб пайдалануға берілді, үш көше жөнделді. Кеңқияқ өңірінде жаңа ауылдық округ ашылды. Бүгінгі күні 2 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы ауданда 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған болса, соның 174-і Кеңқияқ ауылдық округі аумағында ашылды. Сазды мөлтек ауданына  соңғы екі жылда электр желісі, газ тартылса, енді биыл су құбыры тартылады. Бұл мөлтек ауданда 200 үй бар. Сарыкөл, Шұбарши, Құмсай ауылдарында да ауыз сумен қамту мәселесі оң шешімін таппақ. Осыны естіп, жұрт қуанып отыр.  Бүгінде өңірде жағдай қалыпты. Елімізде, облысымызда атқарылып жатқан істерге кеңқияқтықтар оң баға беріп отыр. Баршаңызды бүгінгі облыс әкімі баяндамасында межеленген міндеттерді бірге шешу жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, — деді ол.

 

«Жұмыссыз қалмаймыз»

Ал Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 5-курс студенті Вадим Медовчиков сөзінің басында: «Қазақстандық жастар әрдайым Елбасы саясатын қолдауға әзір», — деп мәлімдеді.

— Облыс әкімі баяндамасында көтерілген бастамалар Елбасының биылғы Жолдауында айқындалған 10 бағытпен ұштасады деп есептеймін, — деп жеткізді ол өз пікірін.

— Баяндамада келтірілген деректер арасында биыл өңірімізде 16 дәрігерлік пункттің ашылуына, облыстық клиникалық аурухана құрылысының 1-кезеңінің аяқталуына, басқа да денсаулық сақтау нысандары құрылыстарының жүргізілуіне мен ерекше ден қойдым. Бұл — біз, медициналық оқу орындары студенттері, болашақта ауылда да, қалада да жұмыс таба аламыз деген сөз, — дейді Вадим.

Ол студенттерге жазғы демалыс кезінде табыс табуға «Жасыл ел», студенттердің құрылыс отрядтары, «Қайырымдылық отрядтары», т.б. арқылы қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.

500 мың теңге көмек

Бейбітшілік пен келісім қоғамдық қоры Ақтөбе облыстық бөлімшесінің төрағасы Келдібай Есмағамбетов:

— Осыдан 20 жыл бұрын, 1992 жылғы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданған болатын. Бүгінгі күні еліміз әлемнің 120 мемлекетімен экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас орнатып отыр. Соның ішінде Ақтөбе өңірі ондаған мемлекетпен экономикалық байланыс орнатты. Шетелдіктер бізге шикізат көзі ретінде ғана қарап келген еді. Бірақ халқымызда «Алаған қолым — береген» деген де сөз бар. Осы тұрғыда облыс әкімдігінің әлеуметтік мәселелерді шешуге инвесторларды тартуы — орынды қадам. Облыс басшылығының ірі кәсіпорындар, компаниялар басшыларымен еңбек дауларының алдын алу мақсатында жасап отырған жұмыстарын ерекше атап өткім келеді. Ал «Көркейе бер, туған жер» акциясын қолдау — баршамыздың парызымыз. Өзім осы акция аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетуге әзірмін, — деді.

Жиында, сондай-ақ, Әйтеке би ауданынан келген Бақыт Исатаев есімді зейнеткер облыс әкіміне Комсомол селосындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке жөндеу жүргізу жөнінде өтініш айтса, Қарғалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Әділхан Бахонов Қарғалыда су жүйесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде мәселе көтерді. Ал  мәртөктік Вячеслав Бурцев — жол жөндеу мәселесіне байланысты, Ақтөбе қаласының тұрғыны Шолпан Жүсіпова  қалада қандай жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні жөнінде сауалдар қойды.

Архимед Мұхамбетов осы сауалдарға жауап берді, сондай-ақ облыс әкімі есебін тыңдау қарсаңында жазбаша түскен сауалдардың бәріне де жазбаша түрде жауап жіберілетінін жеткізді.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button